Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму

 

Қазақстан Республикасының ПрезидентіЕлбасы Н.Ә.Назарбаев  Қазақстан халқына Жолдауында былай деген еді:

  • Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде.
  • Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады.
  • Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт кезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек.

Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз

  • Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек.
  • Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар.
  • Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз.
  • Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің  қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру.
  • Біз бұл мақсатымызға міндетті  түрде жетеміз, - дей отыра Елбасымыз өзінің Жолдауын жария етті.

Жолдау негізінен үш тараудан тұрады, олар

  • І. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері
  • ІІ. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері
  • ІІІ. Біздің дағдарысқа қарсы басты стратегиямыз

Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты


БІРІНШІ.  Қаржы секторын тұрақтандыру

  • Екіншіден, инфляциялық таргеттеу шеңберінде Ұлттық банк орта мерзімді болашақта инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендетуі керек. Ол үшін пайыздық мөлшерлемелерді икемді өзгерту тетігі толыққанды пайдаланылуы тиіс.
  • Үшіншіден, Ұлттық банктегі институттық кемшіліктерді жою қажет. Біртұтас Зейнетақы қорын, Проблемалы несиелер қорын және басқа да қаржы институттарын оның бақылауынан шығару керек.
  • Төртіншіден, 2016 жылы зейнетақы активтері жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына берілуі тиіс.
  • Зейнетақы жиналымдарының табыстылығын арттыру мақсатында зейнетақы қаржыларын инвестициялауға көзқарастарды қайта қараған жөн. Зейнетақы қорына көзқарас пен басқару да Ұлттық қорға көзқарас пен басқару сияқты болуы керек.
  • Біздің бәріміздің де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет.
  • Теңге салымдары – бүгінде азаматтардың жиналымдарын сақтаудың ең үздік құралы.

ЕКІНШІ. Бюджет саясатын оңтайландыру

  • «Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі.
  • Бүгінде біз бюджетке салықтық түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендегенін айтып отырмыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қосымша қысымды білдіретін болады.
  • Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көрегендік емес.
  • Біз алдағы жылдардың қандай боларын білмейміз.
  • Сондықтан, Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс.
  • Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек.
  • Бізге мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарау қажет. Ең алдымен, бюджеттің кіріс базасын ұлғайту керек.
  • Салықтық режімдерді оңтайландыру қажет – тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады.
  • Үкімет салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз етуі керек. Бүгінде мүлікті жария ету мерзімдері 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қабылданды.
  • Құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға кепілдік беріледі. Үкіметке жария ету жағдайларына тағы бір рет талдау жасауды және қажет болған жағдайда, оған қатысушыларға кепілдікті күшейту тапсырылды.
  • Мүлікті жария етуге қатысу жөнінде әлі де ойланып жүргендердің барлығын осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырылды.
  • 2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төркіні мен салық салынуын анықтау үшін, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының көмегімен, есепшоттар мен активтерді анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады.
  • Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде.
  • Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін белсендірек қолдану қажет. Экономиканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек.
  • Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор.
  • Бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажет.

ҮШІНШІ. Жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру

  • Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз. Бүгінде өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр?
  • Ең алдымен, үлкен мемлекеттік сектор – 7 мыңнан астам кәсіпорындар.
  • «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» холдингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайды.
  • «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады.

«ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады

  • Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңызды.
  • «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет.
  • Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, Жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасау тапсырылды. Олардың ішінде, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгроға» кіретіндері де бар.
  • Жекешелендіруден кейін осы үш басқарушы холдингтің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құрылымдалатын болуы тиіс.
  • Жекешелендіру әділетті нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек. Мұнда акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетіктерге айналуы тиіс.
  • Оған қазақстандық және шетелдік инвесторларды барынша мол қатыстыру үшін жағдай жасау керек. Үкіметке барлық акционерлердің мүлкінен айырылғандардың активтерін сатып алуға деген басым құқықтарын алып тастау тапсырылды.
  • Әрі қарай, Үкімет еркін және саламатты бәсеке үшін жағдайлар жасауы тиіс.
  • Біріншіден, Үкіметке антимонополиялық қызметті күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасау тапсырылды. Бізге антимонополиялық ведомство туралы   мәртебесі мен жұмыс тәртібі нақты регламенттелген жеке заң керек.
  • Екіншіден, бағаны жасанды реттеу түрінде нарықтық ынталандыруларға қатысты бұрмалауларды жою қажет. Үкіметке экономиканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрі қарай көшуді жалғастыру тапсырылды.
  • Үшіншіден, бәсекелестік саласындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ, деді Елбасы
  • Тиімсіз менеджерлердің орнына өзімен бірге инвестициялар әкелетін жаңа меншік иелері келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке  жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті ресімдерін жасау тапсырылды. Ол барынша жеңілдетілген болуы тиіс.

ТӨРТІНШІ. Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері

  • Таяудағы онжылдықта Қазақстанның алдында тұрған міндеттер:
  • - экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету;
  • - өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыстырғанда кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу;
  • - экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу;
  • - 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру.
  • Экономикалық өсімнің мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алады.
  • Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана  жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвестициялық саясат керек.
  • Біріншіден, трансұлттық корпорацияларға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвестициялар» тарту үшін оңтайлы орта қалыптастыруымыз керек.
  • Осы жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады.
  • Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көшбасшы-елге айналуы тиіс. Бізде  озық техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымдар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек.
  • Екіншіден, экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сондықтан, 6 макроөңірлер – Оңтүстік, Солтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана үшін жеке бағдарламалар жасау қажет.
  • Ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан, кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс. Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын жоғарылату бойынша, бірінші кезекте, еңбек күші артық өңірлердің еңбек күші жетіспейтін өңірлерге миграцияларды ынталандыруға бағытталған шараларды алдын ала қарастыру қажет.
  • Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде құрылатын біртұтас көліктік, логистикалық және коммуникациялық құрылым аясында бірігулері тиіс. Қазіргі кезде «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық –Батыс» шешуші бағыттары бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. «Боржақты – Ерсай», «Алматы – Шу» теміржол желілері мен Құрық портындағы паромдық өткел құрылыстары жүргізілуде.
  • Бұл жобалар қазірдің өзінде 72 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкіметке аталған бағдарламаларды жүзеге асыру ісін белсенді ете түсуді тапсырамын.
  • Үшіншіден, қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендірек игерген жөн. Біз жақын жатқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар –Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері.
  • Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды.
  • Төртіншіден, бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс.
  • Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады.
  • Бесіншіден, Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін арттырған жөн. Болашақтың экономикасын құру үшін негіз қалау маңызды.
  • Смарт-технологиялар, жасанды интеллект, киберфизикалық жүйелер интеграциялары, болашақтың энергетикасы, жобалау және инжиниринг салаларында біліктілікті дамыту қажет.
  • Мұны тек тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болады. Назарбаев Университеттің  «Астана бизнес кампусы» хайтек-паркінің базасы мен Алматыдағы «Алатау» технопаркінде қалыптастырылатын қуатты зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлері оның негізіне айналады.
  • Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу бізге «жасыл технологияларға» негізделген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға жақсы мүмкіндік береді.

БЕСІНШІ. Жаңа әлеуметтік саясат

  • Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді.
  • Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, әркез қазақстандықтардың әл-ауқаты арттырылып келді.
  • Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шығындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам азамат алады.
  • Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз.
  • 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатыны жарияланды.
  • Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады.
  • 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляция  деңгейі алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақы 2 пайызға индекстелінді.
  • 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!
  • Елбасы барлық әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге ерекше көңіл болып, сөзін арнады:
  • Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ. Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл – солардың ақшасы!
  • Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасау тапсырылды.
  • Бағдарламаларды қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғайтылатын болуы тиіс. Бұл жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйымдастырылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде.
  • Еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс.
  • Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізу тапсырылды. Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек.
  • 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатыны жарияланды. Үкіметке оны жасауға кірісу тапсырылды.

Елбасы өзінің Қазақстан халқына жолдауында Қазақстанның жас азаматтарына сөзін жеке арнады

  • Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар.  
  • Шеберліктің шыңына жете білсеңдер  мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.  Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда.
  • Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек.
  • Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды.

Құрметті отандастар!

  • Жаңа 2016 жылдан Ұлт жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды.
  • Бүгін экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шаралар туралы хабарланды. Барлығымыздың мойнымызда еліміздің болашағы үшін орасан зор жауапкершілік жатыр. Алдымызда қиын жұмыстар күтіп тұр. Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін.
  • Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын.
  • Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз.
  • Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!  

Қымбатты қазақстандықтар!

  • Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.    
  • Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын!
  • Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!
  • Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! 
  • Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін!